Page 139 - Milletlerarası Sempozyum Bildiri Kitabı
P. 139
-Эстетикалық талғам қалыптасып, ол өзіндік пікірдің қалыптасуына негіз болмақ;
-Қоршаған ортаға қамқорлық артады;
-Өнерді дамыту арқылы өркениетке жол ашылады;
-Тағылымды тәрбиені бойларына сіңіреді;
-Ұлттық құндылықтарға құрметі артып, болашққа арманмен мақсат қояды;
-Шығармашылықтарын шыңдап, келешекте танымал тұлғаға айналу мүмкіндігі бар.
Әрине, әр адамның қызығушылығы мен бейімі әр – түрлі. Дегенмен, барлық адамға
бірдей эстетикалық тәрбиені сіңіріп, оның маңыздылығын дәріптеу аса қажет. Бұл қоғам
мүшелерінің бәріне қажет машықтардың бірі. Бәрі бірдей суретші болмайтыны анық, бірақ
бәріне бірдей жоғары талғамды үйрету артық етпейді.
Мектеп кезеңі - кез - келген адамның өмірге қажет ақпараттарды бойға сіңіріп,
өмірлік дағдылары қалыптасатын кезең. Сондықтан, оқумен қатар тәрбиені қатар
ұштастырып, шығармашылықты шыңдау аса қажет.
Бейнелеу өнері - сан ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінгі күнге дейін жеткен, әлем
бойынша түрі сан алуан, тарихы тым тереңде жатқан маңызды салалардың бірі. Оны жалпы
білім беретін мектептерде жан - жақты оқыту арқылы көзі ашық, көкірегі ояу ел тұрғындарын
тәрбиелей алмақпыз. Олай дейтін себебім, қоршаған ортаға зер салып, назар аударып,
бойында біліктілігі мен білімі қатар тоғысқан оқушылар алдағы уақытта қоғамға елеулі еңбек
сіңіретіні анық.
Өнер - кез - келген уақытта жоғары бағаланып, сұранысқа ие болғандығын жасыра
алмаймыз. Адамзат баласы пайда болған кезден бастап өз өрнегін қалдырып, ішкі жан
дүниесін жарыққа шығарып, айта алмаған сырын бейне арқылы жеткізген. Ал, сұлулықтың
ара жігін ажырату арқылы адамдар оған баға беріп, эстетикалық танымды қалыптастыра
бастады. Бұл тағылымды тәрбиенің бойға сіңуіне негіз болып, бір -бірімен үндескен бұл
жайттар көркем үлгінің көпшілік үшін құндылығын арттыра түсті. Әрине, әлі де жоғары
талғамға деген көзқарас өзгерген жоқ.
Бейнелеу өнері арқылы оқушылардың бойына эстетикалық тәрбие сіңіру, аталмыш
пәнді жан - жақты игерту ұстаздың басты міндеті. Педагогикалық тәжірибе болашақ ел
тұрғындарының әрекетіне әсер етіп, қоғамда өзін - өзі ұстау барысында көрініс таппақ.
Сондықтан, бейнелеу пәніне тек өнердің бір саласы деп қана емес, тұтас жұртты тәрбиелейтін
құрал ретінде қарағанымыз жөн болар.
Эстетикалық тәрбие - қоршаған ортаның сұлулығын сезініп, әр бөлшекке мән беруге
үйретеді. Балалар сұлулықты қабылдай отыра оны бойларына сіңіріп, өздерін де үздік
қырынан танытуға тырысады. Бұл эмоцияға да әсер етіп, шәкірттерге шабыт қосады.
Әдеміліктен рахат алуға үйреніп, өздерінің қолынан шыққан дүниелерге қуанып,
сенімділіктері жоғарылайды. Адамзат баласы өзге жаратылыс иелерінен сезіну, түйсіну,
толқу тәрізді қасиеттермен ерекшеленетінін ескерсек, өмір сүру үшін, дүниенің мәнін
жастайынан ұғыну үшін эстетикалық тәрбиені жалпы білім беретін мектеп кезеңінде
қалыптастырудың мәні орасаң зор.
Бұл ең алдымен талғамның пайда болуына түрткі болады. Яғни, оқушылар нақты
өзіне не қажет екенін айқындап, алдағы уақытта еш айна қатесіз жұмыс жасауға
дағдыланады. «Талғамда -талас жоқ», дейді, әйтсе де, әр - нәрсенің бір - бірімен үйлесім
табуы, сұлулықтың сыры, қолданылу тәртібі жас кезден дұрыс қалыптасқаны абзал. Бұл
еліктегіштіктен арылтып, адамдардың өзіне нақты не қажет екенін айқындауға септігін
тигізеді.
Білім -барлық дүние бастауы. Бейнелеу өнерін терең түсіну үшін де терең білім
керек. Оны ұғыну арқылы оқушылар талғам туралы түсінік қалыптастырып, тәрбиемен
сусындамақ. Олай болса, саналы шәкірттеріміз көп болсын!
Әдебиеттер:
1. Жолдасбеков, М.,(2019), Қазақ бейнелеу өнеріндегі құбылыс [Текст] / М.
Жолдасбеков // Выставка Ерболата Толепбая. - 12 б.
2. Ералин, Қ. Айменов, Ж. ( 2009), Қазақстан бейнелеу өнері : оқу әдістемелік
құрал /... - Түркістан : [Б. ж.], - 207 б., сурет.; . - Библиогр.: 162-164 б.
3. Төкенова Қапиза Төкенқызы,(2018), Бейнелеу өнері мұғалімін қалыптастыру
мәселелері [Мәтін] : оқулық / ... – Алматы : Нұр-Принт,41 б.
4. Демеуов А.К. (2014), Болашақ мұғалімдердің тұлғалық кәсіби дамуының
сапасын жоғарылату. Шымкент: М.Әуезов атындағы ОҚМ, Ізденіс, ҚР
Халықаралық журналы, №1.. -264-267 б.
103

