Page 289 - Milletlerarası Sempozyum Bildiri Kitabı
P. 289
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОСОЛЬФЕДЖИОНЫҢ ДАМУ
ЖОЛДАРЫ
Г.Т. Альпеисова
1
Кіріспе
Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдыраған соң, бүкіл одақтық көркемдік
білім беру жүйесін әр елдің ұлттық ерекшеліктеріне бейімдеу жұмыстары барлық
посткеңестік кеңістікте басталды. Қазақстанда оқу-тәрбие үрдісіне, ұлтты өнердің негіздерін
зерттеп, енгізу жұмыстары басталды. Бірқатар мемлекеттік құжаттарда этномәдени білім
берудің «ана тілі және мәдениетімен таныстыру арқылы тұлғаның этномәдени ерекшелігін
сақтай отырып әлемдік мәдениет құндылықтарын меңгеру» бағыты көрсетілді (Альпеисова,
2003:4). Көптеген оқу орындарында пәндердің мазмұнын этноменталдық сипатпен толтыру
процесі басталды, содан этнопедагогика мен этнопсихология курстары пайда болды.
Кәсіби музыкалық білім беруде осындай көзқарас этносольфеджио курсына әсер
етіп, пәннің ұлттық мазмұны оның этномузыкалық сипатын анықтады. Әр этностың тарихи
және заңды түрде дәстүрлі музыканың әртүрлі жанрларында көрініс тапқан өзіндік «табиғи
дыбыстық тілін» жасағаны даусыз. Дәстүрлі музыка өнерінің қызметі, музыкалық және
музыкалық-сөздік дыбыстық мәтіндер арқылы, ғасырлар бойы қалыптасқан тілдік
құрылымдардың ауызша берілуі арқасында жүзеге асты. Сол сияқты этносольфеджио курсы
қазақ музыкалық тілін оның құрамдас бөліктерінің жиынтығында есту арқылы меңгеру
дағдыларын дамытуға (визуалды, кеңістікті-уақыттық, музыкалық), оның музыкалық
құралдарының экспрессивті және мағыналық рөлін білу, дәстүрлі және қазіргі заманғы
музыкалық шығармашылықтың жанрлық және тілдік ерекшеліктерін білу, ұлттық
музыканың барлық стильдеріне бағдарлауға бағыталуы мүмкін. Сонымен, этносольфеджио –
«фольклордегі қазақ музыкалық тілі, көркемөнер және кәсіби шығармашылық негізінде
қызмет ететін музыкалық білім, білік, дағдылардың жиынтығын қалыптастыратын пән.
Болашақ музыканттардың оқу және есту жұмысын қазақ музыкалық тілі негізінде реттеу,
қазақ музыка шығармаларын мақсатты түрде тыңдай білу, игерілген есту қабылдауларын
нақты музыкалық орындаушылық және композиторлық қызметте пайдалана білу қабілетін
дамытуға қызмет етеді» (Альпеисова, 2003: 5).
Зерттеудің мақсаты – Қазақстандағы этносольфеджионың қалыптасу және даму
процесін ашу. Зерттеу әдістері. Тарихи әдіс этносольфеджио пәнінің қалыптасуы мен
дамуын дәйекті түрде бақылауға мүмкіндік берді. Мақалада ғылыми жарияланымдарды,
құжаттарды талдау және салыстырмалы талдау әдісі де қолданылады.
Материалдар.
Республикамыздағы этносольфеджио қалыптасуының тарихи жолына тоқталайық.
Оның алғашқы қадамдары ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында отандық музыкалық
педагогикада дамыған ұлттық музыкалық материалдағы сольфеджионың дамуымен
байланысты. Қазақ музыкалық материалы, балалар музыка мектептеріне арналған қазақ
музыкасының материалы бойынша диктанттарды қолдану арқылы бірқатар сольфеджио
жинақтары (бір дауысты және екі дауысты) жасалды (Жусубалиев,1972, Круглыхин, 1955,
Кузембаева,1967, Серикбаева, 1968). Бұл оқулықтар қазақ халық шығармашылығы
негізіндегі педагогикалық әдебиеттерді шығару саласындағы тарихи кезеңнің сұранысына
жауап беріп, кеңестік сольфеджио мектебінің әдіснамалық қағидаларына сүйене отырып,
музыкалық диктанттарды жазу, интонацияға арналған қазақ музыкасының үзінділерін
ұсынды. Сондықтан ұсынылған барлық үлгілер бүкілодақтық сольфеджио оқулықтарының
тақырыптық мазмұнына сәйкес, көп дәрежеде Б.Калмыкова, Г.Фридкиннің сольфеджио
оқулығына сәйкес ұсынылып, мәні бойынша оның нақты бөлімдеріне толықтыру жасады.
Тоталитарлық сольфеджио оқыту бағдарламаларының талаптарын дәл сақтай отырып, олар
оқу-тәрбие жұмысында қазақтың төл музыкасын пайдалану мәселесін ішінара шешті.
«60-80 жылдар әлемдік ғылымда еуроцентризмнің толық күйреуін білдіретін және
еуропалық емес халықтардың музыкасына объективті баға беруге негіз болған
этномузыкатану және мәдениеттану парадигмаларының тараған уақыты болды, теориялық
тұрғыдан бұл олардың музыкасының шынайы көркемдік және мәдени құндылығын тану
1 өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры (Қазақстан), Қазақстан
Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
253

