Page 290 - Milletlerarası Sempozyum Bildiri Kitabı
P. 290
және түпнұсқалы (аутентикалық) шығыс музыкасының тұрақты қызмет ету тәжірибесінің
негізін қалады...» (Мухамбетова, 1998: 198). Сол жылдардағы музыкатанушы ғалымдардың
теориялық зерттеулері қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің маңызды тұстарын ғылыми
тұрғыдан тануға, дамуы жағынан ғылыми-әдістемелік жұмыстың бастауын белгіледі.
Бұл жолдың бастауында домбыра сольфеджио курсының негізін салған домбырашы,
музыкатанушы Б.Аманов болды. Оның қысқаша ғылыми-педагогикалық қызметінде дәстүрлі
домбырашыларды ауызша оқыту формаларын қазіргі жазба музыка мәдениеті аясында
қолдануға мүмкіндік беретін маңызды әдістемелік құрал қалыптасты.
Б.Аманов құрған курстың әдістемелік негізі кейінгі жылдардағы
этносольфеджионың дамуына негіз болды. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік
консерваториясының халық аспаптар факультетінің оқу бағдарламасына енгізілген кешенді
сольфеджио курсы Б.Амановтың ойының тағы бір көрінісі болды. Бұл пәннің алғашқы
ұстаздары практикалық материалдармен тәжірибе жасай отырып (А. Мухамбетова,
Г.Омарова, С.Раимбергенова, С.Утегалиева), қазақтың дәстүрлі музыкасының іргелі ғылыми
әзірлемелеріне жетекшілік етті (домбыра музыкасының жанрларын, формасын, күйін,
ырғағы мен штрихтарын талдау, халықтық ортада домбырашыларды дайындау
процесі,түсіндірмелер, т.б.). Жарияланған курс бағдарламасының мақсаты «...дәстүрлі
музыкалық естуді дамыту және жетілдіру; студенттердің әр түрлі домбыра стиліндегі
күйлердегі музыкалық тілдің барлық элементтерін есту арқылы анықтау және түсіну
қабілетін дамыту;музыкалық жады мен аналитикалық ойлауды дамыту; музыкалық
импровизацияның әдістері мен тәсілдерін тереңдетіп оқыту; стильдік нұсқауларды оқыту»
(11, 3).
Жоғарыда айтылғандардың барлығын меңгеру ең озық студенттерге
импровизациялық өнер мен композиторлық ынтаға жол ашты. Практикада эксперименталды
сольфеджио курсы студенттердің өз күйлерін шығарумен аяқталды. Күй-төкпе материалы
бойынша Б.Аманов бастаған курс күн санап кеңейіп, қазіргі таңда Қазақстанның барлық
дәстүрлі домбыра стильдерін қамтиды, сонымен қатар Нұрғиса Тілендиев сынды ХХ ғасыр
композиторларының шығармашылығын қамтиды. Бүгінгі таңда «Этносольфеджио» пәні
Үлгілік стандартқа енгізіліп, Қазақстан Республикасының музыкалық колледждерінің
студенттері үшін міндетті пәнге айналды. Халық аспатаррынн меңгеретін музыканттар үшін
бұл пән дәстүрлі музыканы интеллектуалдық тұрғыдан түсінудің, импровизация өнерін
меңгерудің және жаңа күйлер тудырудың мектебі болса, басқа мамандықтағы музыканттар
үшін ұлттық музыка, поэзия және мәдениет әлеміне ену болып табылады. Республикадағы
ұлттық мәдени құрылыстың мәселелеріне сәйкес келетін бұл пән көптеген мәселелерді
шешті, негізгісінің бірі қазақтың дәстүрлі аспаптық мәдениетін сақтау және одан әрі дамыту
міндеті болды. Дәстүрлі қазақтың музыкалық мәдениетінің жойылуы тарихи шындыққа
айналғаны сол жылдары еді. Ғасырлар бойы ауызша ортада қалыптасқан жоғары қазақ
дәстүрлі мәдениетінің жойылуы оның музыкалық түрлерінің деградациясына, иелер
санының азаюына әкелді. ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында Қазақстан мәдениеті қазақ музыка
тілін сақтаудың өткір мәселесіне тап болды. Г.Бегалинова мен А.Мухамбетованың тиісті
мақаласында қазақ музыка тілін сақтау және одан әрі дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейге
көтерілді (Мухамбетова, 2002). Осы кезеңде қазіргі этносольфеджио деп аталатын домбыра
сольфеджиосының жаңа міндеттері – қазақ музыкалық тілін білуді қамтамасыз ету
айқындалды. Этносольфеджио курсының тұжырымдамасы, оның теориялық және
практикалық аспектілері аталған еңбек авторының диссертациялық зерттеуінде негізделді
(Альпеисова, 2003). «Сольфеджионың еуропалық музыкалық білім берудің классикалық пәні
ретіндегі мақсаты оның логикалық және құрылымдық заңдылықтарының жүйесін білу
негізінде еуропалық музыка тілін практикалық меңгеру болып табылады. Қазақстандағы
этносольфеджионың мақсаты – оның логикалық және құрылымдық заңдылықтарының
жүйесін білу негізінде қазақ музыкалық тілін практикалық дамыту»(Альпеисова, 2003: 3).
Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен мәнерінің қалыптасуы туралы ғылыми ой-пікірлер
осы мақала авторына оның практикалық дамуының әдіснамалық аспектілерін кеңейтіп,
бірізді жүйе түрінде көрсетуге мүмкіндік берді (Альпеисова, 2007).
1944 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясы ашылғаннан бері халық аспаптар
бөлімінде (1978 жылы Ғазиза Ахметқызы Жұбановамен факультет етіп өзгертілген) тек –
домбыра мен қобызшылар дайындалды. Ал домбыра музыкасын меңгеру үшін алғашында
Б.Аманов салған эксперименттік сольфеджио курсының бағыты жалғасын тапты. Бірақ 1989
жылы Алматы мемлекеттік консерваториясында жаңа «Дәстүрлі ән» мамандығының ашылуы
әншілер үшін,дәстүрлі ән мәдениетінің фольклорлық және кәсіби жанрларына негізделген
этносольфеджио курсын құру міндетін қойды.
254

