Page 536 - Milletlerarası Sempozyum Bildiri Kitabı
P. 536
ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ДОМБЫРАШЫ-СТУДЕНТТЕРДІ
ДАЙЫНДАУДЫҢ ЗАМАНАУИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫН ОҚУ
ҮДЕРІСІНЕ ЕНГІЗУ ТӘЖІРИБЕСІ
1
Тапенов Даулет Турсунханович
Аннотация
Мақалада ЖОО-да домбырашы-студенттерді дайындаудың заманауи
педагогикалық шарттары ұсынылып, оларға сипаттама беріледі. Ұсынылған педагогикалық
шарттардың практикалық тиімділігін анықтауға бағытталған тәжірибелік-эксперименттік
жұмыс барысы баяндалады және алынған нәтижелер математикалық-статистикалық
өңдеуден өткізіліп, кесте түрінде рәсімделеді.
Көрсетілген заманауи педагогикалық шарттарды оқу үдерісіне енгізу тәжірибесі
негізінде келешекте ЖОО-да домбырашы-студенттерді дайындау жұмысы бойынша
бірқатар ұсыныстар жасалады.
Кілт сөздер Кәсіби музыкалық білім беру, домбыра үйрету, педагогикалық
шарттар, кәсіби құзыреттіліктер, музыкалық-орындаушылық қызмет.
Кіріспе
Қазақстандық жоғары білім беру жүйесіндегі реформалар ұлттық саясат және
әлемдегі білім беру үдерісінің даму тенденцияларын ескере дамуда. Бүгінгі таңда кәсіптік
білім беру жүйесіндегі келесі тенденцияларды ерекше атап өтуге болады: білім
алушылардың тұлғалық қасиеттерін дамыту (өздігімен білім алу, креативтілік,
коммуникативтілік, сын тұрғысынан ойлау, талдамалық ойлау); білім беру, ғылым және
өндірістің байланысы; үздіксіз білім берудің жүйесін қалыптастыру және дамыту; білім
беру жүйесі мен еңбек нарығының байланысы; кәсіптік білім берудің сапасын арттыру [1, б.
43]. Осындай өзгерістер кәсіби музыкант-орындаушыларды, оның ішінде домбырашыларды
дайындау үдерісінде де қолданыс табуы заңдылық.
Осы уақытқа дейін домбыра өнерін үйретудің теориясы мен әдістемесі негізінен
эмпирикалық жағдайда дамыды. Яғни, кәсіби музыкалық оқу орындарында
домбырашыларды даярлаудағы елеулі жетістіктерге қарамастан, озық практикалық
тәжірибенің теория тұрғысынан жеткілікті түрде негізделмеді. Ал ЖОО-да домбырашы-
студенттерді дайындаудың тарихи-теориялық алғышарттарын анықтап, бүгінге дейін
жинақталған тәжірибесін бағалап алмай, болашақ даму жолын болжай алмаймыз. Сол
себепті домбыра өнері саласындағы әдіскер ұстаздар мен орындаушылардың тәжірибесі,
музыкалық білім беру және музыкатану саласындағы ғылыми зерттеулер және шетелдік
тәжірибе негізінде ЖОО-да домбырашы-студенттерді дайындау үдерісін теориялық
тұрғыдан негіздеп, оны практикада жүзеге асырудың әдістемесін жасау бүгінгі таңда өзекті
болып табылады.
Қазіргі жоғары білім беру жүйесі жеке тұлғаны тәрбиесіне, білім алушылардың
шығармашылық қабілеттерін, дербестігін, бастамашылдығын, өзін-өзі ұйымдастыруға және
дамытуға бағытталатындығын [2, б. 16] ескере, ЖОО-да домбырашы-студенттерді
дайындау үдерісін нәтижелі ұйымдастырудың заманауи педагогикалық шарттары
анықталды. Зерттеу жұмысымызда анықталған педагогикалық шарттар кешенінің
практикалық тиімділігін тексеруге бағытталған тәжірибелік-эксперимент барысы
баяндалады.
Зерттеудің мақсаты – ұсынылған педагогикалық шарттар кешенінің ЖОО-да
домбырашы-студенттерді дайындау үдерісіндегі практикалық тиімділігін дәлелдеу.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу бағыты бойынша тәжірибелік ізденістерді жүзеге
асыру үдерісінде теориялық зерттеу әдістері (педагогикалық, психологиялық әдебиеттерді,
музыкатану еңбектерін, домбыраға және басқа музыка аспаптарына арналған оқу-
әдістемелік материалдарын талдау, синтездеу және салыстыру жұмыстарын жүргізу) және
эмпирикалық зерттеу әдістері (ЖОО-да домбырашы-студенттерді дайындау үдерісін
бақылау; орындаушылық және педагогикалық тәжірибені зерттеу және түйіндеу;
тәжірибелі домбырашы-педагогтармен және домбырашы-студенттермен сұхбаттасу және
сауалнама жүргізу; педагогикалық эксперимент) қолданылды.
1 PhD, Қазақ ұлттық өнер университеті E-mail: daulet_tapenov@mail.ru, Orcid: 0000-0002-6423-2711
500

